
Алматыға жұмыс сапары шеңберінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова №4 қалалық клиникалық аурухананың базасында құрылған Өңірлік травматология және ортопедия орталығының жұмысымен танысты.
Аурухана аумағындағы тікұшақ алаңына ерекше назар аударылды. Бұл – Алматыдағы стационарлардың арасында жұмыс істеп тұрған жалғыз осындай алаң. Ол ауыр жарақат алған пациенттерді, оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары таулы және басқа да баруы қиын аудандардан эвакуациялаған зардап шеккендерді жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
«Травматологияда «алтын сағат» деп аталатын уақыттың маңызы ерекше. Тікұшақ алаңының болуы пациенттерді стационарға жеткізу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта санитариялық авиацияның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Алматыда тікұшақ алаңдарының саны төртке дейін ұлғайтылады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Денсаулық сақтау министрі ауыр жарақат алған пациенттерге шұғыл көмек көрсету кезінде «алтын сағат» қағидатын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Өңірлік травматология және ортопедия орталығы 2026 жылғы 26 тамызда ашылды. Мұнда ауыр жарақат алған пациенттерге шұғыл диагностика мен күрделі операциялардан бастап медициналық оңалтуға дейінгі медициналық көмектің толық циклі көрсетіледі.
Республикалық жаңғырту бағдарламасы шеңберінде №4 қалалық клиникалық ауруханада қабылдау бөлімі кеңейтіліп, пациенттерді іріктеудің халықаралық triage жүйесі енгізілді. Оның өткізу қабілеті тәулігіне 250-ден 450 пациентке дейін артты. Қабылдау бөлімінің деңгейінде төрт операциялық зал жұмыс істейді, оның екеуі жаңадан ашылған. Сонымен қатар 12 төсекке арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапияның шұғыл бөлімі жұмыс істейді.
Аурухананың құрамында қазіргі заманғы соңғы буындағы B-Plan ангиографымен жабдықталған Тері арқылы коронарлық араласулар орталығы да жұмыс істейді. Ол жүрек тамырларына жоғары дәлдіктегі диагностикалық және емдік араласулар жүргізуге мүмкіндік береді.
№4 ҚКА – Алматының 500 мыңнан астам тұрғынына, ал бірқатар бағыттар бойынша қаладағы барлық тұрғындарға медициналық көмек көрсететін ірі көпбейінді стационар.
Мұнда жыл сайын 12 500-ге дейін операция жасалады. Клиникада 1 118 қызметкер, оның ішінде 260 дәрігер еңбек етеді.