АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрайымы Надежда Петухованың төрағалығымен кезекті отырысы өтті. Оған Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері және қоғам өкілдері қатысты.

Отырыс барысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде саланың кадрлық және ғылыми әлеуетін кешенді дамыту мәселесі талқыланды. Баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Мұхаметбек Бағжан аталған бағыттағы жұмыстар туралы ақпарат ұсынды.

Отырысқа қатысушылар денсаулық сақтау жүйесіне білікті мамандарды тарту және ұстап қалу шараларын, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін, кәсіби және мансаптық өсу үшін қолайлы жағдайлар жасауды, сондай-ақ сала қызметкерлеріне арналған ынталандыру бағдарламаларын іске асыру тетіктерін талқылады.

Денсаулық сақтау саласының ғылыми әлеуетін дамытуға, кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге және мамандардың үздіксіз кәсіби дамуының тиімді жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде «Ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығы» ШЖҚ РМК-ның есебі тыңдалды. Орталықтың бас директорының міндетін атқарушы Ғабит Уахитұлы Сейдуалиев ұйым қызметінің нәтижелері, жұмыстың негізгі бағыттары, қол жеткізілген көрсеткіштері және одан әрі даму жоспарлары туралы ақпарат берді.

Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған баяндамаларды талқылап, баяндамашыларға сұрақтар қойды және денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатын одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесі ұйымдарының қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, оларды одан әрі іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.