
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов «Қамқорлық» ерте араласу орталығына және облыстық инфекциялық аурулар ауруханасына барды.
Жыл сайын өңірде 20 мыңға жуық бала туады, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны 322 мыңға жетеді. Балаларға арналған оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды.
Орталық жұмысының төрт жылы ішінде 6 мыңға жуық бала оңалту көмегін алды. Мамандар балаларға қимылдау және сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі, сонымен қатар балалардың сәтті әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.
Орталықта медициналық оңалту, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, сондай-ақ еңбек терапиясын қоса алғанда, кешенді медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі.
Сапар барысында делегация 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өткен және жыл соңында толық пайдалануға берілген облыстық инфекциялық аурулар ауруханасының қызметімен танысты.
Мұнда 2024 жылы заманауи жабдықтармен жабдықталған клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды.
Алдағы уақытта физиотерапия бөлімшесін ашу және шетелде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жоспарлануда.