
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын жүкті әйелдерге қатысты кісендерді босану және операциялар кезінде пайдалану туралы БАҚ-та таратылатын ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.
Тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын жүкті әйелдерге босандыру көмегі перзентханаларда (бөлімшелерде) жүзеге асырылады.
Босану және хирургиялық араласу кезінде сотталған жүкті әйелдерге қатысты кісендер пайдаланылмайды
Босанғаннан кейін әйелдер жиналмалы күзет құралдарымен жабдықталған палаталарға орналастырылады, бұл олардың қауіпсіздігін де, ұстау құқықтары мен шарттарының сақталуын да қамтамасыз етеді.
Бұл шаралар ізгілікпен қарауды қамтамасыз етуге, заңнаманы сақтауға және көмек көрсетудің медициналық стандарттарын орындауға бағытталған.
Бұл ретте Министрлік өңірлермен бірлесіп медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдауда. ҚАЖК-мен бірлесіп Бас прокуратураның қолдауымен инфрақұрылым жақсарды, 55 нысанға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді және бірқатар жаңа дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарланды.
Скринингтік тексерулер, телемедициналық қызметтер енгізілді, бұл арнайы мамандардың консультацияларының қолжетімділігін арттырды.
Министрлік адамгершілікпен қарау қағидаттары мен медициналық стандарттарды сақтай отырып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша дәйекті жұмысты жалғастыруда.