ЖЫЛ САЙЫН 4 МИЛЛИОННАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНФЕКЦИЯЛАРҒА ҚАРСЫ ЕГІЛЕДІ

ЖЫЛ САЙЫН 4 МИЛЛИОННАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНФЕКЦИЯЛАРҒА ҚАРСЫ ЕГІЛЕДІ

 

Бүгін Шымкент қаласында өткен Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқасының отырысында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова иммунопрофилактика саласындағы ілгерілеуді және инфекциялық аурулар бойынша сырқаттанушылықтың айтарлықтай төмендегенін атап өтті.

Ұлттық иммундау бағдарламасы шеңберінде жыл сайын елімізде 4 миллионнан астам адам егіледі.

Мысалы, полиомиелит 1996 жылдан бері, ал дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. Соңғы 34 жылдың ішінде эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылық 100 еседен астам, А гепатиті – 32 еседен астам, В гепатиті – 92 есе, ал қызамық– 2000 еседен астам төмендеген.

Сіреспе сияқты инфекциялар бойынша да тұрақты түрде төмен сырқаттанушылық деңгейі байқалады, бұл халықты вакцинациялаумен қамтудың жоғары деңгейін көрсетеді.

С. Бейсенованың айтуынша, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар қызылша жағдайын тұрақтандыруға ықпал етті. 2025 жылдың сәуір айында 697 жағдай тіркелсе, бұл 3 405 жағдайды құраған 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда едәуір аз. Ауырғандардың негізгі бөлігін жоспарлы екпеден өтпеген балалар құрайды.

2024 жылдың шарықтау кезеңімен салыстырғанда көкжөтелмен сырқаттану 92%-ға төмендеді. 2025 жылдың басынан бері 203 жағдай тіркелген. Толықтырып вакцинациялау шеңберінде бұрын жоспарлы екпеден тыс қалған 211 мыңнан астам балаға вакцина егілді.

Отырыстык қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балаларды нысаналы жастағы профилактикалық екпелермен (кемінде 95%) қамтуға қол жеткізу, Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесі шеңберінде вакциналарды сақтау шарттары мен мерзімдерінің денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде де сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

ҚР ДСМ кезекті алқа отырысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ДДҰ, UNICEF, комитеттер, ғылыми орталықтар, республикалық клиникалар, аумақтық құрылымдар, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері және Шымкент қаласының медициналық ұйымдарының басшылары қатысты.