2027 жылға дейін онкологиялық көмекті дамытудың кешенді жоспары шеңберінде сәулелік терапиямен қамту барлық мұқтаж онкологиялық науқастардың 81%-ына дейін ұлғайтылатын болады, деп хабарлады бүгін Шымкентте өткен Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысында «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов.
Тек 2024 жылдың өзінде еліміздің бес өңірінде онкологиялық науқастарды емдеудің мүмкіндігін едәуір арттырған 6 жаңа сызықтық үдеткіш іске қосылды. Бүгінгі таңда ел аумағында барлығы 8 сызықтық үдеткіш жұмыс істейді.
Алдағы екі жылда тағы 10 заманауи аппарат орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, төрт сызықтық үдеткішпен жабдықталған Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) толыққанды жұмысын бастайды.
Осылайша, 2028 жылға қарай Қазақстандағы медициналық мекемелердің сәулелік терапияға арналған заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы 85%-ға жетіп, онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартпақ.
Қазіргі таңда елімізде Varian және Elekta маркалы 27 заманауи сызықтық үдеткіш, Varian ProBeam 360 протондық терапия аппараты және Gamma Knife жүйесі жұмыс істеп тұр.
Қабылданған шаралардың арқасында сәулелік терапиямен қамту деңгейі 58%-ға дейін өсті, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау көрсеткіші 31%-дан асты, ал өлім деңгейі 100 мың адамға шаққанда 63 жағдайға дейін төмендеді.