ЖЕНЕВАДАҒЫ ДДА-НЫҢ 78-СЕССИЯСЫ: ҚАЗАҚСТАН МСАК БОЙЫНША ЕЛДЕРДІҢ ҒАЛАМДЫҚ КОАЛИЦИЯСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ КҮШ ЖҰМЫЛДЫРУҒА ШАҚЫРДЫ

ЖЕНЕВАДАҒЫ ДДА-НЫҢ 78-СЕССИЯСЫ: ҚАЗАҚСТАН МСАК БОЙЫНША ЕЛДЕРДІҢ ҒАЛАМДЫҚ КОАЛИЦИЯСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ КҮШ ЖҰМЫЛДЫРУҒА ШАҚЫРДЫ

 

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бастаған қазақстандық делегация Женевада өтіп жатқан «Денсаулық мүддесіндегі әлем бірлігі» ұранымен ұйымдастырылған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 78-сессиясына қатысты.

Сессияның шеңберінде Қазақстан тарапы медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) мәселесіне арналған арнайы қатарлас іс-шара өткізді.

Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде бірінші вице-министр МСАК-ты дамыту денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі бағыт екенін атап өтті. Қазақстан 1978 жылғы тарихи Алматы декларациясынан бастау алған денсаулық сақтау қызметтерін әмбебап қамту қағидаттарына адал болып қала береді.

Сұлтанғазиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың МСАК көрсету бойынша елдердің Ғаламдық коалициясын құру жөніндегі бастамасы елордада өткен, Алматы декларациясының 45 жылдығы мен Астана декларациясының 5 жылдығына арналған конференцияда көтерілгенін және ДДҰ-ға мүше елдердің қолдауына ие болғанын еске салды. Қазір бұл бастаманы іске асыру жолында Қазақстан ДДҰ-мен бірлесіп, оның мақсаттарын халықаралық деңгейде ілгерілету үшін Коалиция Хатшылығын құру бағытында жұмыс жүргізуде.

Коалицияның мақсаты – денсаулық сақтау жүйесін МСАК-қа қайта бағыттауды жеделдетуге ықпал ететін саяси алаң құру, инновациялық шешімдерді енгізу, тәжірибе алмасу және халықты медициналық қызметтермен кеңінен қамту.

Коалиция бастапқы медициналық көмекке қатысты үш негізгі қағидатты алға жылжытады: өмір бойы көрсетілетін кешенді медициналық қызметтер, денсаулықтың әлеуметтік факторларын ескеретін көпсекторлы саясат пен әрекет, сондай-ақ адамдар мен қауымдастықтарды денсаулық сақтау саласындағы белсенді әріптес ретінде құқықпен және біліммен қамтамасыз ету.

Бұл платформа арқылы елдер ынтымақтасып, тәжірибе алмасып, МСАК-тың Операциялық негіздерін нақты реформалар мен өлшенетін нәтижелерге қол жеткізу құралы ретінде қолданатын болады.

«Қазақстан үшін МСАК-ты дамыту – жай ғана басымдық емес, бұл – ұлттық денсаулық сақтау бағдарламалары, кадр даярлау, процестерді цифрландыру және амбулаториялық көмекті дамыту арқылы жүйелі түрде шешіліп жатқан міндет. Біз емханалар әлеуетін нығайту, жалпы практика дәрігерлерінің функцияларын кеңейту, мейіргерлердің рөлін арттыру, өзін-өзі басқару мен аурулардың алдын алу тәсілдерін енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Сессия барысында қатысушылар эпидемиологиялық қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға дайындық шараларын, денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру мен жасанды интеллекттің рөлін, әйелдердің денсаулығын нығайту және технологиялық жаңалықтарды талқылады.

Сонымен қатар, Қазақстан МСАК мәселелеріне арналған келесі кездесуді 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде Нью-Йоркте өткізуге ниетті екенін білдіріп, елдерді оған қатысуға шақырды.