
2026 жылғы 1 қазанда Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» алаңында Департаменттің өнеркәсіптік және радиациялық қауіпті объектілерді бақылау бөлімі бизнес-қоғамдастық өкілдерімен, жобалау ұйымдарымен және Департаменттің аумақтық бөлімшелерінің мамандарымен семинар өткізді. Семинар барысында санитариялық-қорғау аймағын белгілеуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қаралды.
Кездесу барысында санитариялық-қорғау аймағын (СҚА) белгілеу рәсімін жеңілдетуге бағытталған өзгерістер талқыланды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты СҚА белгілеу рәсімі екі кезеңнен (алдын ала/есептік және белгіленген/түпкілікті СҚА) бір кезеңге (СҚА белгілеу) ауыстырылды. Енді жобаланатын (салынып жатқан, реконструкцияланатын) объектілер үшін СҚА белгілеу мәселесі кешенді ведомстводан тыс сараптама құрамында аттестатталған сарапшылармен қаралады.
Өтпелі кезеңде ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 276-бабына және ҚР Құрылыс кодексінің 147-бабына сәйкес Департамент пен оның аумақтық басқармаларына қолданыстағы және 2026 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген, бірақ бұрын СҚА белгіленбеген объектілер үшін СҚА белгілеу функциясы сақталды. Бұл ретте СҚА жобасына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған жағдайда, объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілмейтінін ескеру қажет.
Сонымен қатар Департаменттің құзыретіне белгіленген СҚА мөлшерлерін және тарихи қалыптасқан құрылысқа байланысты объектілер үшін СҚА мөлшерлерін азайту мәселелері кіреді.
Бұдан басқа, ҚР Құрылыс кодексі күшіне енгенге дейін есептік (алдын ала) СҚА белгіленген жағдайда, оның мөлшерлерін қайта белгілеудің немесе растатудың қажет еместігі, шекті жол берілетін шығарындылар және шекті жол берілетін төгінділер жобаларына сараптама жүргізу функциясының алынып тасталғаны және басқа да өзгерістер түсіндірілді.
СҚА шекараларының координаттарын 8 румб бойынша жобаға міндетті түрде енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл деректерді кейіннен тапсырыс беруші мен жобалаушы жергілікті атқарушы органдарға Геопортал мен кадастрлық картаға енгізу үшін ұсынуы қажет.
Кен орындары, прекурсорларды сақтау қоймалары бойынша СҚА белгілеу жобаларына сараптама жүргізу және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру, сондай-ақ тау-кен және химия өндірістерін пайдалануға байланысты қызметті келісу мәселелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Департамент мамандары өз құзыреті шегінде семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.