Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, инфекциялық аурулардың профилактикасы және алдағы ЖРВИ мен тұмау маусымына дайындық мәселелері бойынша брифинг өтті

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, инфекциялық аурулардың профилактикасы және алдағы ЖРВИ мен тұмау маусымына дайындық мәселелері бойынша брифинг өтті

2026 жылғы 24 қыркүйекте Қарағанды облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға, инфекциялық аурулардың алдын алуға және ЖРВИ мен тұмаудың алдағы эпидемиялық маусымына дайындыққа арналған брифинг өтті.

Брифинг спикерлері — Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Леонидович Залыгин және Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Мақсұтұлы Аймағанбетов.

Брифинг барысында 2026 жылдың 8 айындағы инфекциялық аурулар бойынша негізгі көрсеткіштер, вакцинация туралы ақпарат, сондай-ақ санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы қабылданып жатқан шаралар таныстырылды.

Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай

2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай қанағаттанарлық деп бағаланады. Инфекциялық аурулардың 96 нозологиясының 43-і (44%) тіркелді. Дифтерия, полиомиелит, қызамық, безгек, іш сүзегі, паратифтер, тырысқақ және бірқатар басқа да инфекциялар тіркелген жоқ.

2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көкжөтелмен сырқаттанушылық 2 есеге, серозды менингиттер 3 есеге, А вирустық гепатиті 3,3 есеге, дерматомикоз 2 есеге төмендеді. ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 24%-ға, COVID-19 және скарлатина 35%-ға, жіті ішек инфекциялары 16%-ға төмендеді.

Сонымен қатар қызылшамен сырқаттанушылық 29,2 есеге, созылмалы вирустық гепатиттер 2 есеге өсті. С вирустық гепатиті мен сальмонеллез жағдайлары да әрқайсысы 4 жағдайға артты.

Инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу мақсатында халықтың нысаналы топтарын вакцинациялау жалғасуда. 8 айдың қорытындысы бойынша декреттелген топтарды профилактикалық егулермен қамту 49,5%-дан 63,6%-ға дейінгі көрсеткішті құрады. Қосымша жаппай иммундау аясында 6–11 айлық 2600 бала және 2–5 жастағы 2000-нан астам бала вакцинацияланды. Толықтыра иммундау шеңберінде 15 475 адам қамтылды.

Қазақстанда Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 11 инфекцияға қарсы вакцинация республикалық бюджет қаражаты есебінен, ал А вирустық гепатитіне қарсы вакцинация жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін жүргізіледі.

ЖРВИ және тұмау

2026 жылдың 8 айында облыста 121 030 ЖРВИ жағдайы тіркелді, оның 53%-ын балалар құрайды — 65 063 жағдай. Бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 24%-ға төмендеді.

2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмаудың алғашқы жағдайлары 2025 жылғы қазан айының ортасынан бастап тіркелді. Негізінен А/H3N2 тұмау вирусы (98%) айналымда болды. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

Алдағы 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда А/H1N1, А/H3N2 және В тұмау вирустарының, сондай-ақ басқа да респираторлық вирустардың айналымы күтіледі.

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы №11 қаулысына сәйкес тұмау мен ЖРВИ-дің эпидемиялық маусымы кезеңінде бірқатар санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар көзделген. Олардың қатарында тұмауға қарсы вакцинациялау, 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска режимін енгізу, медициналық ұйымдардың кіреберісінде «сүзгілердің» жұмысын қамтамасыз ету және мектепке дейінгі ұйымдарда күнделікті таңертеңгілік сүзгі жүргізу бар.

Тұмауға қарсы жыл сайынғы вакцинацияны эпидемия алдындағы кезеңде — қыркүйек пен қараша айлары аралығында жүргізу ұсынылады. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтарын иммундау үшін «Гриппол» вакцинасының 173 000 дозасы сатып алынды.

Тегін вакцинация диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, әлеуметтік сала ұйымдарындағы тәрбиеленушілерге, медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдерге, педагогтерге, әскери қызметшілерге, созылмалы аурулары бар адамдарға, 65 жастан асқан қарт адамдарға және басқа да тәуекел топтарына жүргізіледі.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қол гигиенасын сақтау, үй-жайларды тұрақты желдету және ылғалды тазалау жүргізу, науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу, балаларды ауа райына сәйкес киіндіру, дұрыс тамақтану және ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге уақтылы жүгіну ұсынылады.

Білім беру ұйымдарында инфекциялық аурулардың алдын алу

Оқу жылының басталуына байланысты оқушыларды инфекциялық және жұқпалы тері ауруларына профилактикалық тексеру жүргізілуде. 23 қыркүйектегі жағдай бойынша 157 626 оқушы тексерілді. Оның ішінде ЖРВИ-мен ауырған 355 бала, педикулезбен ауырған 7 бала, қышыма және дерматомикоз бойынша 3 жағдайдан анықталды.

Аурулар анықталған жағдайда қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Жұқпалы тері ауруларына күдігі бар балалар білім беру ұйымдарына барудан шеттетіліп, медициналық мамандарға жіберіледі.

Ішек иерсиниозының алдын алу

Көкөністерді дайындау және сақтау кезеңінде ішек иерсиниозының пайда болу қаупі артады. Инфекция қоздырғыштары төмен температурада ұзақ уақыт сақталып, көбейе алады. Ал оның негізгі тасымалдаушылары — ұсақ кеміргіштер.

Аурудың алдын алу үшін азық-түлік сақталатын орындарды кеміргіштерден қорғау, көкөніс қоймаларына дератизация және дезинфекция жүргізу, қолды мұқият жуу, сапалы азық-түлік пен ауызсуды пайдалану, шикі және дайын өнімдерге арналған асүй құралдарын бөлек қолдану, ет, құс еті және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді жеткілікті деңгейде термиялық өңдеу қажет.

Санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау, вакцинациядан уақтылы өту және профилактикалық іс-шараларға жауапкершілікпен қарау инфекциялық аурулардың алдын алудың негізгі шаралары болып табылады.