
15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиология саласы қызметкерлерінің күні қарсаңында Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұжымы әріптесіміз Солод Анатолий Владимировичты құттықтайды!
Анатолий Владимирович 1954 жылғы 13 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Санитария» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінде бастады. Кәсіби жолының алғашқы жылдары Гурьев облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында және Қарағанды қаласының Октябрь аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында еңбек етіп, коммуналдық санитария, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы, кейіннен өнеркәсіптік санитария салаларында қызмет атқарды.
1987 жылдан бастап Анатолий Владимирович Қарағанды қаласының Октябрь аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының өнеркәсіптік бөлімшесін басқарды. 1997 жылы Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының еңбек гигиенасы бөлімінде санитариялық дәрігер болып жұмысын жалғастырды. Кейінгі жылдары мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесінде еңбек етіп, жалпы және өнеркәсіптік санитариялық-гигиеналық бақылау, физикалық факторлар мен электромагниттік өрістерді қадағалау мәселелерімен айналысты.
2014 жылдан бастап Анатолий Владимирович тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінде еңбек жолын жалғастырып, өнеркәсіптік объектілер мен радиациялық қауіпсіздікке санитариялық-гигиеналық қадағалау жүргізу бөлімін басқарды. Кейін Қарағанды облысының қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінде өнеркәсіптік және коммуналдық объектілерге санитариялық-гигиеналық қадағалау саласында еңбек етті.
Анатолий Владимировичтің жалпы еңбек өтілі 46 жылдан асады.
Құрметті Анатолий Владимирович!
Кәсіби мерекеңіз қарсаңында Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жан жылуы мен ұзақ жылдарға сергектік тілейміз!
Жылдар бойы жинақтаған кәсіби тәжірибеңіз әріптестеріңіздің құрметіне бөлене берсін. Әрбір жаңа күніңіз қуанышты оқиғаларға, жақсы кездесулерге және жағымды сәттерге толы болсын!