ҚЫЗЫЛША: ауру белгілері және алдын-алу шаралары

ҚЫЗЫЛША: ауру белгілері және алдын-алу шаралары

Қызылша - бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрнынан немесе тамағынан секрециялармен тікелей байланыста болғанда беріледі.

Қызылша - адамның ең жұқпалы инфекцияларының бірі, өйткені инфекция көзімен байланысқаннан кейін адамдардың 90% - дан астамы ауырады.

Қызылшаның негізгі белгілері: жоғары температура, әлсіздік, жөтел, мұрыннан су ағы, ауыз қуысының шырышты қабығындағы ақ дақтар, қызыл түсті үлкен дақ түріндегі бөртпелер, сондай-ақ лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Қызылша ауруы жұқпалы болуымен жәнеинфекциямен ауырғаннан кейінгі асқынулармен қауіпті. Аурудың ауыр ағымында ортаңғы құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтың, сондай-ақ мидың қабынуы сияқты асқынулар дамиды. Кез-келген қабыну мен асқынудан  науқас өлуі мүмкін.

Ең ауыр асқынуларға соқырлық, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ инфекциясы (отит) және пневмония сияқты ауыр тыныс жолдарының инфекциялары жатады.

Инфекциямен күресудің ең қолжетімді және тиімді әдісі - вакцинация. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балалар қызылшаға қарсы алғашқы егуді 1 жасында (12-15 айда), екінші егуді (ревакцинация) - 6 жаста алады. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Аурудың кез келген белгілері пайда болған кезде келесідей қарапайым сақтық шараларын сақтау ұсынылады:

- науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі мекемелер, кружоктар, мектептер) апармау, ересектерге жұмыс орнына бармау, адамдар көп жиналатын орындарда жүрмеу, дәрігерді телефон арқылы үйге шақыру;

- дәрігер келгенге дейін туыстармен байланысты мейлінше азайту;

- жөтелгенде және түшкіргенде, орамалмен немесе майлықпен ауыз бен мұрынды жауып, қолды сабынмен және сумен жиі жуу немесе қолды тазарту үшін құрамында спирт бар құралдарды қолдану;

- тыныс алу органдарын қорғау құралдарын пайдалану, бір реттік маска кию;

- қызылшамен сырқаттанушылықтың тіркелу кезеңінде вакцина алмаған адамдарға, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге адамдар көп жиналатын жерлерге бармау.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті  қызылшаны жұқтырудың алдын алатын, сондай-ақ олардың асқынуларының ескертетін жалғыз тиімді құрал - тек вакцинация екенін еске салады.

Ауруды емдегеннен оның алдын алған дұрыс!