
Вирустық гепатиттер – бауырды зақымдап, оның қызметін бұзатын жұқпалы аурулар. Аурудың кейбір түрлері ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтіп, бауыр циррозы мен бауыр обырын қоса алғанда, ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.
Ең кең таралған түрлері – А, В, С, D және Е вирустық гепатиттері. А және Е гепатиттері ластанған су, тағам өнімдері және лас қол арқылы жұғады. В, С және D гепатиттері қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы, яғни стерильденбеген құралдарды қолданғанда, қорғанышсыз жыныстық қатынас кезінде, сондай-ақ анадан балаға беріледі.
Алдын алу үшін жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау, қауіпсіз ауыз суды пайдалану, тек жеке гигиена құралдарын қолдану, инфекциялық қауіпсіздік талаптарын сақтайтын ұйымдардың қызметіне жүгіну және қауіп факторлары болған жағдайда уақтылы медициналық тексеруден өту қажет.
Қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Қазақстанда профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесі шеңберінде А және В вирустық гепатиттеріне қарсы вакцинация жүргізіледі.
Уақтылы диагностика және тұрақты профилактикалық тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға, емдеуді дер кезінде бастауға және асқынулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік береді.