Атмосфера ауа ластануының жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасына әсері

Атмосфера ауа ластануының жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасына әсері

Соңғы жылдары атмосфералық ауаның ластануы тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар негізгі медициналық-әлеуметтік проблема ретінде қарастырылуда. Қазіргі деректер ластанған ауаның әсері созылмалы жұқпалы емес аурулардың, ең алдымен жүрек-қан тамырлары патологиясының дамуына елеулі қауіп факторы екенін көрсетеді.
Ең үлкен қауіпті PM2.5 және PM10 деп аталатын ұсақ дисперсті бөлшектер тудырады. Олардың негізгі көздері - жылу энергетикасы кәсіпорындарының, металлургия өнеркәсібінің шығарындылары, автокөлік құралдары, сондай-ақ тұрмыстық секторда қатты отынды жағу. Микроскопиялық мөлшерінің арқасында бұл бөлшектер өкпе жасушаларына және жүйелік қан айналымына еніп, жүрек-қан тамырлары жүйесінде патологиялық өзгерістер туындатады, олардың едәуір бөлігі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Көптеген халықаралық зерттеулер PM2.5 деңгейі мен жүрек-қан тамырлары аурушаңдығы көрсеткіштері арасында тұрақты байланыс бар екенін растайды.

«Қазгидромет» РМК-ның ресми деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қарағанды облысының аумағында атмосфералық ауа ең жоғары деңгейде Қарағанды қаласында (PM2.5 орташа жылдық концентрациясы шекті рұқсат етілген деңгейден 5,5 есе жоғары) және Теміртау қаласында (PM2.5 бөлшектері бойынша 3,3 есе артық) ластанған.
Қарағанды және Теміртау қалалары халқының жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанушылығын талдау нәтижесінде 2020–2025 жылдар аралығында Қарағанды қаласында ересектер арасындағы сырқаттанушылық көрсеткіші 26%-ға артқаны, ал Теміртау қаласында шамамен 1,8 есеге өскені анықталды.
Осылайша, жүрек-қан тамырлары ауруларының өсу үрдісі аясында атмосфералық ауаның ұсақ дисперсті бөлшектермен ластануы алдағы уақытта жағдайдың күрделене түсуіне ықпал етуі мүмкін.
Артериялық гипертензия жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторлары құрылымында жетекші орын алады және ластанған ауаның теріс әсерінің негізгі іске асу механизмі ретінде қарастырылады.
PM2.5 әсерінен келесі құбылыстар байқалады: систолалық артериялық қысымның тұрақты жоғарылауы, гипертензияға қарсы препараттардың тиімділігінің төмендеуі, гипертониялық криздердің жиілігінің артуы. Тіпті артериялық қысымның аз ғана жоғарылауы миокард инфарктісі мен инсульттің даму қаупін едәуір арттырады.

Ең осал топтарға 50 жастан асқан адамдар, артериялық гипертензия диагнозы қойылған науқастар, қант диабеті бар тұлғалар, семіздік және зат алмасу бұзылыстары бар пациенттер, балалар мен жасөспірімдер, жүкті әйелдер, сондай-ақ өнеркәсіптік аймақтарда тұратын тұрғындар жатады.
Алдын алу шаралары қауіп факторларының әсерін төмендетуге және аурулардың дамуын ерте бақылауға бағытталуы тиіс. Негізгі бағыттар: атмосфералық ауаға өндірістік және тұрмыстық шығарындыларды азайту (өнеркәсіптік кәсіпорындарда арнайы сүзгілерді қолдану, ғимараттар мен үйлерді көмірмен жылыту жүйесінен баламалы энергия көздеріне көшу), артериялық қысымды тұрақты бақылау, ауа ластануы жоғары кезеңдерде ашық ауада болуды шектеу, ластану деңгейі төмен уақыттарда үй-жайларды желдету, ауа тазартқыштарды пайдалану, тыныс алу мүшелерін жеке қорғау құралдарын қолдану, салауатты өмір салты қағидаларын сақтау.
Ауаның ластану деңгейін төмендету, артериялық гипертензияны ерте анықтау және бақылау, сондай-ақ халықтың ақпараттандырылуын арттыру – профилактиканың негізгі бағыттары болып табылады.