
Балқаш қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әсем Саттыбаева «Балқаш медициналық орталығы» ЖШС медициналық мекемесінде жоспарлы екпеден бас тартқан ата – аналармен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға діни ұйым өкілі теолог маманы және психолог мамандар қатысты. Іс-шарада ата -аналарға қызылша ауруының алдын алу, қызылшаға қарсы екпенің маңыздылығы туралы баяндалды.
Жұқпалы аурулардан қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе жақсы қабылданады, ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады және инфекцияның өзінен де, оның ауыр салдарларынан да тиімді қорғайды.
Балаларыңыздың денсаулығы мен болашағы – өз қолдарыңызда. Оларды сенімді қорғаныстан айырмаңыздар. Вакцинация – тек өз балаңыздың ғана емес, айналаңыздағы адамдардың денсаулығы үшін де аса қажетті ұжымдық иммунитетті қалыптастырады.