
Иммундау — жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген әдістердің бірі. Ол вакцинация арқылы адам ағзасында белгілі бір инфекцияларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Иммундау ауыр аурулардың, асқынулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Тұрғындардың көп бөлігі вакцина алған жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын шектеп, медициналық қарсы көрсетілімдері бойынша екпе ала алмайтын адамдарды — сәбилерді, қарттарды және иммунитеті әлсіз адамдарды қорғайды.
Вакцинация ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі, ол ғылыми зерттеулер мен халықаралық ұсынымдарға негізделеді. Екпелер ерте жастан басталып, өмір бойы жалғасады. Уақытында егілген вакциналар ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұрақты қорғанысын қамтамасыз етеді.
Қазіргі заманғы вакциналар қауіпсіздік пен тиімділікті растайтын көп кезеңді клиникалық зерттеулерден, қатаң тексеруден өтеді. Вакцинадан кейін кейде дене қызуының аздап көтерілуі немесе екпе салынған жерде қызару сияқты жеңіл реакциялар болуы мүмкін. Бұл жағдайлар уақытша болып саналады және өздігінен жойылады.
Қазіргі уақыттағы иммундау жүйесінде адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияның маңызы ерекше.
АПВ — кең таралған вирус, оның кейбір түрлері онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының дамуына себеп болуы мүмкін.
АПВ-ға қарсы вакцинация осы аурулардың алдын алудың тиімді әдісі болып табылады. Ол көбінесе жасөспірім кезеңде, вируспен байланыс болмағанға дейін жүргізілгенде жоғары нәтиже береді. Вакцина ағзаның қорғаныш иммунитетін қалыптастырып, болашақта АПВ-мен байланысты аурулардың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.
АПВ-ға қарсы вакциналар әлемнің көптеген елдерінде қолданылады және халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан ұсынылады. Олар қауіпсіз әрі жақсы қабылданады. Бұл вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламасына енгізу онкологиялық аурулардың азаюына және оның алдын алуға үлкен үлес қосады.