Орал қаласында қала күні мерекесіне арналған «Oral Cup 2025» атты арқан тартудан қалалық ашық турнир ұйымдастырылды. Дәстүрлі спорттық додаға қала мен ауылдық округтерден жиналған 20 команда қатысты.
Жарыстың басты фавориттерінің бірі болып саналатын Казталовка ауданының «Бостандық» командасы үмітті ақтап, өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Финалда олар «Орал-1» командасын тартысты кездесуде жеңіп, бас жүлде – 200 мың теңгенің қаржылай сыйлығына ие болды. Ал екінші орын алған «Орал-1» командасы 150 мың теңге, үшінші орынға тұрақтаған «Қособа» командасы 100 мың теңге қаржылай сыйақы алды.
Айта кету керек, жарысты тамашалауға Чехиядан арнайы делегация да келіп, жергілікті спортшылардың өнерін қызығушылықпен тамашалады.
Бұл дода қала күні мерекесінің шаттықты рухын арттырып қана қоймай, командаларға күш-жігерін сынауға мүмкіндік берді. Ал жанкүйерлер үшін жеңіс қуанышы мен тартысты сәттері мол мереке болды.