Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің бастамасымен облысқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сарапшыларының делегациясы келді. Сапардың негізгі мақсаты – адамдардың денсаулығына әсер ететін факторларды экологиялық тұрғыда зерттеу бойынша бірлесе жұмыс істеу және кеңесу.
Делегация құрамына ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры Робб Батлер, ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің жетекшісі доктор Сыла Скэндер, қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова, ДДҰ-ның Еуропалық орталығының қоршаған ортаны қорғау және денсаулық саласындағы саласындағы өкілдері Нетаньяху Синая, Ирина Застенская және Пьерпаоло Муду бар.
Облыс әкімі өңірде экология және халықтың денсаулығын сақтау мәселелеріне айрықша басымдық берілгенін атап өтіп, халықаралық сарапшыларды тарту бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты. ДДҰ өкілдері тығыз ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізудің перспективаларын талқылап, халықаралық тәжірибелер енгізу және Атырау облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту жолында нақты шешімдер шығару жөнінде ақылдасты. Кездесу соңында зерттеу жүргізудің тәртібін, кезеңдері мен мерзімін айқындайтын жол картасын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Әкімдік пен мемлекеттік органдар зерттеулерді сапалы жүргізуге қажетті деректермен қамтамасыз етіп, жан-жақты жағдай жасауға мүдделі.
Анықтама: ДДҰ-ның сараптамалық зерттеулері жоғары ғылыми дәлдігімен және жүйелілігімен ерекшеленеді. Сараптама нәтижелері адам денсаулығына қауіпті факторларды анықтауға және оларды азайтатын тиімді шараларды жасақтауға мүмкіндік беріп, денсаулық сақтау саласындағы саясат пен мемлекеттік шешімдерге негіз бола алады.