Атырау облысында өзен-көлдерді тереңдету жұмыстарының 90%-ы аяқталды

Атырау облысында өзен-көлдерді тереңдету жұмыстарының 90%-ы аяқталды

Атырау облысында өзен, көл және канал арналарын тереңдету және тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экожүйені қалпына келтіру және балық миграциясын жақсарту мақсатында жүзеге асырылуда.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, Жылыой ауданындағы 95 шақырым өзен арнасының 87 пайызы тазартылған. Қала ішіндегі учаскелерде жұмыс толық аяқталды. Ірі жобалардың бірі — Жайық өзенінің сағасын тереңдету. Мұнда 10 шақырымның 8,5 шақырымы тазартылды.

- Бүгінде облыс аумағында өзендер мен каналдарды тереңдету арқылы су өткізу деңгейін арттыруға басымдық беріліп отыр. Бұл жұмыстар көктемгі тасқын судың алдын алуға, елді мекендерді қорғауға және экожүйені сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тереңдету жобалары балық қорының көбеюіне жағдай жасап, табиғи ортаға оң әсерін тигізеді. Жоспарланған жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады, – деді Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Талғат Бисен.

Қазір Соколок, Қызылөзек, Утера, Қиғаш және басқа да су айдындарында тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.