Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаевамен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында үш жылдық әріптестіктің қорытындылары шығарылып, қайырымдылық бағдарламалардың жүзеге асырылуы талқыланды, сондай-ақ жаңа бірлескен бастамалардың перспективалары белгіленді.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қор жұмыс істей бастағалы бері Ақмола облысында жалпы сомасы 10 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылды. 2025 жылы ауыл жастарын қолдауға бағытталған жаңа бағдарламалар қолға алынбақ. Жалпы алғанда, қор аясында өңірде білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларын қамтитын 20 астам жоба жүзеге асырылып жатыр.
Өңір басшысы көрсетіліп отырған жан-жақты қолдау үшін алғыс білдіріп, өткен үш жыл ішінде қол жеткізілген маңызды нәтижелерге тоқталды:
«2022 жылдан бастап Қор біздің облысқа ауқымды қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде 1600-ден астам ауыл оқушысы сауықтыру лагерлерінде демалды. Тірек мектептерін дамыту жобасы табысты іске асырылып жатыр: сегіз білім ордасын жабдықтауға шамамен 2 миллиард теңге бөлінді, ал 2025 жылы тағы 10 мектепке 3,5 миллиард теңге көлемінде жабдық сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, «Тірек мектеп – магниттік мектеп» жобасы және техникалық білім беруге қатысты бастамалар қарқынды дамып келеді», – деді Марат Ахметжанов.
Әкім спорттық жобалардың да маңыздылығына тоқталды. «Лыжня в село» жобасы аясында 1700-ден астам шаңғы жинағы сатып алынып, Степногорск қаласында заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Сирек әрі ауыр дертке шалдыққан 22 науқасқа жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болатын өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмекпен көмек көрсетілді, ал 56 адам онкологиялық бағдарлама аясында мақсатты терапия алды. Балалар нейрохирургиясын дамыту ісі жалғасуда. Арнайы қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салуға көмек көрсетілді.
Өз кезегінде Ләззат Шыңғысбаева өңірмен әріптестікті жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
«Біз Ақмола облысымен орнаған конструктивті серіктестікті жоғары бағалаймыз және оны одан әрі жалғастырамыз. Биыл қор өңірден түскен жаңа жобаларды қарастыратын болады», – деді ол.
Кездесу соңында тараптар Ақмола облысы халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді екендерін растады.