Көкшетау қаласындағы «Бәйтерек» саябағында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында кең ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Акцияға 200-ден астам студент, ерікті, блогер мен белсенділер атсалысты. Шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру және жастардың экологиялық сауатын арттыру мәселелеріне қоғам назарын аудару болды.
Акция барысында қатысушылар ондаған ағаш отырғызып, #ЖасылChallenge флешмобын бастап, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтті. Іс-шара бейресми әрі шабытты атмосферада өтіп, жастардың экологиялық тақырыпқа қызығушылығын оятуға септігін тигізді.
Өз сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов биыл өңірде 14 миллионға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын атап өтті. Әкім мұндай шаралар бір реттік сипатта болмауы тиіс екенін, егілген ағаштарға тұрақты күтім қажет екенін баса айтты. Осы мақсатта суаратын техникалар сатып алынуда, олардың бір бөлігі бюджет есебінен, ал бір бөлігі инвесторлардың қолдауымен алынып отыр. Сонымен қатар, өңірде тәлімбақтар желісі дамып келеді – жергілікті тұқымнан өсірілген қарағай, шырша және алма ағаштарының көшеттері еліміз үшін экологиялық ресурсқа айналуда. Жалпы ауданы 64 мың гектарды құрайтын жаңа тәлімбақтар құру жоспарда бар.
Күннің маңызды жаңалығы – Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимаратының ашылуы болды. Бұл орталық аймақ жастарының әлеуметтік және экологиялық бастамаларын жүзеге асыру алаңына айналмақ. Ашылған сәттен бастап орталық экскурсиялар мен таныстырылымдарға есігін ашып, жаңа жобалардың іске қосылу орнына айналды.
Іс-шараның құрметті қонағы – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева болды. Ол өз сөзінде қор Ақмола облысында жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам қаражатқа жобалар жүзеге асырғанын жеткізді. 2025 жылы ауыл жастарын қолдауға бағытталған жаңа бастамалар іске қосылмақ. Қордың қызметі аясында 104 жоба жүзеге асырылуда, оның 80 пайызы жастарға арналады.
Іс-шара соңында экология, волонтерлік және азаматтық белсенділік идеяларын әлеуметтік желілер арқылы насихаттауға арналған жастарға жаңа жоба — TikTok House бастамасы таныстырылды. Жоба қатысушыларының бірі Искандер Жанартовтың айтуынша, TikTok House — жастар үйреніп, шабыттанып, қоғамға пайдалы бастамаларды ілгерілететін алаңға айналады.
Ақмола облысында экологиялық қозғалыс жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл – жастардың белсенді қатысуының, заманауи технологияларды пайдаланудың, сондай-ақ мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың қолдауының нәтижесі.