Ақмола облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» жастар форумы ашылды

Ақмола облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» жастар форумы ашылды

Көкшетау қаласындағы Bolashaq Saraiy-ында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» өңірлік жастар форумы ресми түрде ашылды. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, билік өкілдері, бизнес, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.

Форумға 500-ден астам қатысушы, 29 колледж және өңірдің жетекші компанияларын таныстыратын 44 әлеуметтік серіктес жиналды. Ақмола облысы агроөнеркәсіптік секторда, құрылыс, металлургия және туризм салаларында жетекші орындарға ие. Өңірдегі 800-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту экономика үшін маңызды рөл атқарады, ал жас мамандарды даярлау – жұмысшы мамандықтарының ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Жастар форумы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісұлы, «Talap» КЕАҚ президенті Санжар Тәтибеков және Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадралиннің қатысуымен өтті.

Олар интерактивті көрменің жұмысымен танысты. Бұл көрмеде өңірдің 10-нан астам жетекші колледжі ұсынылып, онда IT және робототехникадан бастап, кондитерлік іс, ветеринария және маркшейдерияға дейінгі сұранысқа ие мамандықтар оқытылады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, бүгінгі таңда Ақмола командасының қоржынында 35 алтын, 21 күміс және 30 қола медаль, сондай-ақ 57 «Кемелдік медальоны» бар. Бұлардың барлығы WorldSkills кәсіби шеберлік байқауында олжаланған. Сонымен қатар, өңірдегі барлық ТжКБ ұйымдарында 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен Индустриялық кеңестер жұмыс істейді, ал мақсатты кадрларды даярлау түлектердің тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.

«Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл шешім елдің дамуы мен оның экономикалық әлеуетін нығайтуда жұмысшылардың маңызды рөлін көрсетеді. Біз тек кездесулер өткізіп қана қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз керек. Бүгінде облыста 20 мыңнан астам студент кәсіби білім алуда. Бұл оларға оқу барысында-ақ жұмысқа орналасуға мүмкіндік берсе, жұмыс берушілер үшін болашақ мамандарды өз кәсіпорындарына дайындауға жағдай жасайды. Құрметті жастар, бүгінде көптеген жұмысшы мамандықтар жоғары технологиялық сипатқа ие, олар техника, технология, тіпті бағдарламалау саласында терең білімді талап етеді. Осы мамандықтар барған сайын күрделене түсуде және қызықты бола бастады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, өңірде кадрларға деген қажеттілік бойынша өңірлік карта – Ақмола облысының Жаңа мамандықтар мен құзыреттер Атласы әзірленді. Бұл жинақта жаңа, трансформацияланатын және жойылып бара жатқан мамандықтар ұсынылған. Олар өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету саласы сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Бұл Атлас білім беру процесін әрі қарай жоспарлаудың және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізіне айналады.

Форумның ресми бөлімі Ақмола облысы колледж студенттерінің қолынан шыққан киім үлгілерін көрсетумен аяқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестер өздерінің табысты еңбек жолдары туралы бөлісті.

Бағдарламаның соңғы бөлігі «ABYROY» тобының концертімен аяқталды.

Форумның екінші жартысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері түрлі мамандықтар бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, форсайт-сессияларында өздерін сынап көреді. Сессия спикерлері ретінде аймақтың жетекші сарапшылары мен әртүрлі салалардың өкілдері шақырылған.

Форум екі күнге – 19-20 ақпан аралығында созылады.

Бағдарламада: көрмелер, пікірталастар, кәсіби тренингтер, нетворкинг және басқа да іс-шаралар бар.