Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы ашылды.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің лауазымды адамдары, Аманат партиясының және еліміздің өзге де саяси партияларының өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары, сондай-ақ өңірлерден аудан және ауыл әкімдері онлайн қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың талабына сәйкес әкімдерді тікелей сайлау жүйесі іске қосылып, барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы сайланғанын айта келе, олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте істемегенін атап көрсетті. Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдердің біліктілігін арттыруды Үкімет пен Агенттікке тапсырды.
Бұл ретте, Агенттік төрағасы Д. Жазықбай Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында әкімдерді оқытудың тиімділігіне ерекше мән беру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Д.Жазықбай «Cаяси партиялар Ауыл әкімдерін сайлау кезінде өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына назар аударғаны жөн. «Адал Азамат» идеалдарына сай, шынайы мақсаты ел игілігіне әділ қызмет етуді көздейтін адамдардың жұмысынан қашанда оң нәтиже күтуге болады», - деді.
Өз кезегінде әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру 17 модуль арқылы жүргізіледі.
Атап айтқанда:
- жергілікті бюджетті тиімді пайдалану;
- мемлекеттік сатып алулар мен салықтар;
- коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау;
- кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту;
- мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану;
- қабылданған шешімдердің сәттілігіне әсер етуі мүмкін тәуекелдерді басқару, тиімді коммуникациялар және өзге дағдыларды дамытуды көздейді.
Бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу және оффлайн, онлайн форматта 240 академиялық сағат оқытуды қамтиды. Бұдан өзге, жұмыс барысында ең көп жол берілетін кемшіліктерді ескере отырып, практикалық кейстер және оларды тиімді шешу жолдары қаралатын болады.
Оқытудың қорытындысына сәйкес әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобаларын қорғайды.
Жиын барысында, әлемде цифрландыру мен технологияның қарқынды дамуына сәйкес елімізде өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру үшін білікті менеджерлерді қалыптастырудың маңыздылығын ескере отырып, әкімдердің біліктілігін арттыру барысында теориялық әрі практикалық тәсілдерді қолдану қажеттігі айтылды.
Бағдарлама Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы филиалдары арқылы жүзеге асырылады.