ҚҰРБАН АЙТ ЖӘНЕ ЖАҒАЛАУДЫҢ АШЫЛУЫ: КӨКШЕТАУ МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАРҒА ДАЙЫНДАЛУДА

ҚҰРБАН АЙТ ЖӘНЕ ЖАҒАЛАУДЫҢ АШЫЛУЫ: КӨКШЕТАУ МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАРҒА ДАЙЫНДАЛУДА

Көкшетау қаласының әкімдігінде аппараттық кеңес өтті, оның барысында Құрбан айт мерекесін өткізу және Балаларды қорғау күні аясында Қопа көлінің жаңартылған жағалауының ашылуына дайындық мәселелері қаралды.

Кеңес барысында қауіпсіздік, аумақтың санитарлық жағдайы, қоғамдық тәртіп және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Жағалауды қайта жаңарту жұмыстары Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

1 маусым күні жаңартылған жағалауда ауқымды мерекелік бағдарлама өтеді: салтанатты ашылу рәсімі, жаңа пәтерлердің кілттерін табыстау, спорттық жарыстар, жағажай волейболынан Суперкубок финалы, жағажай футболы, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, «Балалар әлемі» шеруі, театрландырылған қойылым және концерттік бағдарлама.

Іс-шараның кешкі бөлігінде қала тұрғындары үшін шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Олардың қатарында Baha, RICK, Альзаби, «Шыңға» band, «Infinity» Dance Studio, «Жалын» шоу-балеті, сондай-ақ арнайы қонақ - «Kalifarniya» бар. Мерекелік кеш DJ бағдарламасымен және дискотекамен қорытындыланады.