
Қала күніне орай, Ақтөбеде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ең ірі спорттық шаралардың бірі – «AQTOBE HALF MARATHON-2026» өтті. Жарысқа қала тұрғындары мен еліміздің түрлі өңірлерінен келген 1500-ден аса адам қатысты.
Марафонның сөре және мәре аймағы Триатлон паркінде ұйымдастырылды. Іс-шара таңғы сағат 06:00-де басталып, түске дейін жалғасты.
Биылғы жарысқа кәсіби спортшылармен қатар жүгірумен әуесқой айналысатындар, балалар, жастар және егде жастағы тұрғындар белсенді қатысты. Қатысушылар 3, 10 және 21 шақырымда бақ сынады.
Жарыстың ерекше қатысушыларының бірі – 71 жастағы ақтөбелік тұрғын болды. Бұл марафонның жас ерекшелігіне қарамастан, салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен айналысуға мүмкіндік беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Барлық мәреге жеткен қатысушыға арнайы естелік медальдар табысталды. Ал 21 шақырым және 10 шақырым қашықтықтары бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және грамоталармен марапатталды.