
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» бірінші кезең бойынша (екі жолақ) ұзындығы 28 шақырымды құрайтын (791–819 шқ) учаскедегі қайта жаңарту жұмыстарын аяқтап, қозғалысты ашты. Жобаның жалпы ұзындығы 262 шақырым және 2024–2028 жылдарға жоспарланған кешенді жұмыстар аясында орындалуда.
Өңірдегі инфрақұрылымдық маңызды жоба бойынша көлік қозғалысының ашылуына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Дархан Иманашев және сала мамандары қатысты.
Жоба елдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту және өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» жолы – Батыс және Орталық Қазақстанды байланыстыратын әрі Ресей Федерациясы бағытындағы халықаралық көлік дәліздерінің бірі. Жобаны іске асыру еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін автожол І техникалық санатқа сәйкес болады. Жобада төрт жолақты қозғалыс, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи инженерлік шешімдері және өткізу қабілетін арттыру шаралары қарастырылған. Жаңартылған учаскенің пайдалануға беру жол жүру уақытын қысқартып, көлік шығындарын азайтып және қозғалыс қауіпсіздігін арттырады.
«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» үлкен жобасының бір бөлігінің, 28 шақырымның ашылуы – қуанышты сәт. Маңыздылығы сөзсіз. Біріншіден, облысымыздың экономикасының дамуына үлес қосады. Екіншіден, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.
791–819 шақырым аралығындағы учаскеде толық көлемде құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды. 3 млн текше метрден астам жер жұмыстары жүргізіліп, 35 су өткізу құбыры, екі көпір және екі жолөткізгіш салынды. Геотекстиль мен геотор құрылып, жолдың негізі және ірі түйіршікті асфальтбетоннан жолдың төменгі қабаты толық көлемде төселді. Жер төсемін өңдеу жұмыстары аяқталды. Төрт мал өткізгіш орнатылып, инженерлік коммуникациялар толықтай көшіріліп, қорғалды.
Жоба аясында 6,2 мың текше метр темірбетон бұйымдары, 7,7 мың тонна битум және 773 мың тонна инертті материал пайдаланылды. Аталған жұмыстарға 234 бірлік техника және 409 маман жұмылдырылды. Жұмыстардың үздіксіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында асфальтбетон, бетон араластыру, қиыршықтас және ұсату-сұрыптау зауыттары іске қосылды.
Сонымен қатар, қолданыстағы жол жабындысына ағымдағы күтім жасалуда. Жалпы ауданы 19 мың шаршы метрді құрайтын шұңқырлар жөнделуде, оның 5 120 шаршы метрі биыл жөнделді. 25 520 шаршы метр тегістеу қабаты төселіп, күнделікті күтіп-ұстау жұмыстары атқарылуда.
«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының қайта жаңартуын аяқтау – Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы маңызды кезең. Жоба автомобиль жолдарының заманауи желісін қалыптастыруға, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге және көрші мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.