Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында ауыл әкімдері және мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілермен мотивациялық кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы ауыл әкімдерінің қоғамдағы рөлін атап өтіп, заманауи басқару тәсілдерін меңгерудің маңыздылығына тоқталды.
«Ауыл – елдің тірегі. Әр ауыл – еліміздің бір бөлшегі, әр әкім – сол ауылдың бет-бейнесі. Сондықтан ауылда өзгеріс болсын десек, алдымен сол өзгерісті өзімізден бастауымыз керек», – деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы ауыл әкімдерінің жұмысы тек тұрмыстық мәселелерді шешумен шектелмей, стратегиялық ойлау, инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру және жастарды ауылда ұстап қалу сияқты бағыттарды қамтуы тиіс екенін еске салды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде елде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және ауыл әкімдерінің басқарушылық әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Президент Жолдауында атап өтілгендей, ауыл әкімдерінің 90 пайызы – тікелей сайлау арқылы тағайындалған, ал олардың 60 пайызы бұған дейін мемлекеттік қызметте істемеген.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 142 ауыл әкімі бар, олардың 118-і оқуды аяқтаған, ал 31-і қазіргі таңда біліктілігін арттыру курстарынан өтуде. 2025 жылдың 17 ақпанынан өңірде ауыл әкімдерінің кәсіби даярлық бағдарламасы іске асырыла бастады.
Ауылды дамытуда цифрландыру аса қажет. Асхат Шахаров ауыл әкімдерін цифрлық сауаттылықты арттыруға, электрондық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жергілікті кәсіпкерлікті онлайн форматта дамытуға шақырды.
«Цифрландыру – ауылдың болашағын айқындайтын бағыт. «Ақылды фермерлік», дәлме-дәл егіншілік, GPS жүйелері мен дрон технологиялары өнімділікті арттырып, шығынды азайтады. Бұл тек ірі емес, шағын шаруашылықтарға да тиімді», – деді өңір басшысы.
Басқосу соңында ауыл әкімдері өз ауылдарының жетістіктерімен, өзекті мәселелерімен бөлісіп, кәсіби даму бағыттарын талқылап, өз округтерінің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын ұсынды. Бұл жобалар нақты жоспар мен бастамаларға негізделіп, ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.
Сондай-ақ, мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер де сөз алып, жаңа қызметтегі басым бағыттар мен күтілетін нәтижелер туралы пікірлерін ортаға салды. Өңір басшысы жаңа қызметке кіріскендерге сәттілік тіледі, барлық мемлекеттік қызметшінің алдына қойылған басты міндеттерді естен шығармау керек екенін тілге тиек етті.