Алға ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті

Алға ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті

 

2022 жылы құрылысы тұралап қалған Көктоғай мен Тікқайың ауылдарын сумен қамту жобасы биыл іске асып, елдімекен тұрғындары ауызсуға қол жеткізді.

Ұзақ жылдар бойы сапалы ауыз суды күткен Көктоғай ауылының тұрғындары үшін биыл қуанышты жаңалық болды. Елді мекенге су құбыры осыдан үш жыл бұрын тартыла бастағанымен, мердігер компанияның жауапсыздығынан құрылыс тоқтап қалған еді. Биыл жоба қайта жанданып, бүгінде әр үйге таза ауыз су кіргізілді.

«Өте қуаныштымыз. Әсіресе мен сияқты жасы келген кісілер үшін судың үйге келіп тұрғаны – үлкен жеңілдік. Бұрынғыдай ауыр шелектермен су тасып қиналмаймыз», – дейді Көктоғай ауылының тұрғыны Раиса Болотских.

Су құбыры тек Көктоғай ауылында ғана емес, көршілес Тікқайың елді мекенінде де тартылды. Аталған жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады. Әр ауылға 10 шақырымнан астам құбыр жүргізілген. Соның нәтижесінде Алға ауданы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылып отыр.

«2022 жылы құрылысы басталып, тұралап қалған «сақалды құрылыстардың» бірі – Көктоғай және Тікқайың елдімекендерін сумен қамту жобасы. 2025 жылы құрылысы қайта жанданып, бүгінгі таңда аяқталды. Тұрғындарға су берілді, әрбір үй суды кезең-кезеңімен өткізіп жатыр. Қазіргі уақытта аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр», - деп атап өтті Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Жеңісбек Төреғалиевтің айтуынша, қазір өңірдегі 10 ауылда су жүйесін тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобалар толығымен іске асқанда, облыстағы 301 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

«Бұл – халық саны бойынша 99,9 пайыздық көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді маман.