
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 2025 жылдың 24-29 қыркүйек аралығында Ақтөбе облысына гастрольдік іс-сапармен келіп, «Би керуені» атты форум аясында концерт өткізді.
Сонымен қатар, ансамбльдің құрылғанына 70 жыл толуына орай брифинг, шеберлік сағаты, фотокөрме және гала концерт ұйымдастырылды.
«Өнер орталығы» залында ансамбльдің директоры Кенжалиев Елубай, көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген, бас балетмейстер Ақмарал Әбдікәрімқызы, және балетмейстер Талғат Ахметов мастер-класстар өткізді. Шеберлік сағаттары «Халық сахналық биі» мен «Қазіргі заманның қазақ биі» тақырыптарында өтіп, «Би ансамбльдерінің концерттік бағдарламаларының құрылымы» тақырыбында дәріс беріліп, әр қатысушыға тегін сертификат табысталды.
Іс-шараның мақсаты – мәдениет және өнер саласындағы мамандарды, хореографтарды және жас өнерпаздарды жинап, тәжірибе алмасу мен байланыс орнату болды. Сондай-ақ, фольклорлық ансамбль өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Серік Закария.
Еске сала кетейік, ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлігін толық насихаттай алатын бірегей кәсіби би ұжымы болып саналады.