Мұнайшыларға құрмет көрсетілді

Мұнайшыларға құрмет көрсетілді

 

Темір ауданы Кеңқияқ ауылында Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай мерекелік концерт өтті.

Шараға аудан әкімі Алмас Жақсылықов арнайы қатысып, аталған өндірістік салаға еңбегі сінген бірқатар мұнайшыларды құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

«Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл – еңбек адамдарына деген құрметтің айқын дәлелі. Осы мерекелік гала-концерт те мұнайшылардың құрметіне ұйымдастырылуда. Кеңқияқ кен орнында өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қара алтынды игеру басталды. Бұл бүкіл еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне тың серпін берген болатын.
Бүгінгі таңда Кеңқияқ және Саркөл өңіріндегі әр отбасында бір мұнайшы бар деп айтуға болады. Тіпті ата жолын қуып бір кәсіпті тізгіндеген мұнайшылар династиялары бар. Осы айтулы күні әрбір мұнайшыға, әрбір мұнай саласының ардагеріне ерекше құрметім мен ризашылығымды білдіремін!», — деді аудан басшысы.

Мерекелік шара аясында гала-концерт ұйымдастырылып, арнайы шақырылған эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді.

Сонымен қатар, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпазы, мұнайшылар династиясы Рахметжановтар әулеті марапатталды.

Бұл күн — мұнайшылар қауымына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.