Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылғы егін жинау науқанына дайындық және оны өткізу барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиевтің мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 756 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 426,4 мың гектарға – дәнді дақылдар, 60,3 мың гектарға – майлы дақылдар, 262,8 мың гектарға – мал азығы дақылдары егілген, 3,2 мың гектарға картоп, 2,9 мың гектарға көкөніс отырғызылған.
«Орақ науқанын сәтті өткізу үшін шамамен 600 астық жинайтын комбайн, 1,5 мың трактор, 800-ге жуық трактор тіркемесін және 500-ге жуық жүк көлігін жұмылдыру жоспарланып отыр. Шаруашылықтарға литрі 250 теңгеден 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен», – деді Асқар Жүсібалиев.
Облыста астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 685,1 мың тоннаны құрайды, бұл жиналған өнімді толық сақтауға жеткілікті. Бүгінгі таңда элеваторлар 14,1%-ға толып, жаңа астықты қабылдауға дайын.
Шілденің үшінші онкүндігінен бастап күздік дақылдар мен ішінара жаздық дақылдарды жинау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 20 мың гектардан астам алқаптан 26 мың тоннадан астық жиналды, орташа өнімділік гектарына 13,1 центнерді құрап отыр. Дәнді дақылдарды жаппай жинау тамыздың 20-нан кейін күтіледі. Агротехнологиялық мерзімдер сақталған және ауа райы қолайлы болған жағдайда науқан шамамен 20 күнде аяқталмақ.
Мал азығын дайындау жалғасуда. Қажетті 1,9 млн тонна шөптің 1,3 млн тоннасы (жоспардың 70%-ы) және 5 мың тоннадан астам пішендеме (сенаж) әзірленді.
Мал азығын дайындау үшін литрі 253 теңгеден 1000 тонна дизель отыны бөлінді. Бұған қоса, 9 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Аудан әкімдеріне ресурстарды тиімді пайдалану, шаруашылықтарға уақытша жайылымдарды жедел бөлу, сондай-ақ орман және мемлекеттік жерлерді пайдалануды ұйымдастыру тапсырылды.
«Күзге дейін бір айдан аз уақыт қалды. Орақ науқанын уақытында сапалы өткізу, сондай-ақ мал азығын дайындауды жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Алдымен аудандардың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету маңызды, артық өнім болса ғана сыртқа шығаруға болады. Шөп бағасын бақылауға ерекше назар аударуды сұраймын. Бағаның өсуіне және соған байланысты халық наразылығына жол бермеуіміз керек. Барлық қызметтің үйлесімді әрі бірлескен жұмысы ғана орақ науқанын сәтті аяқтап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді өңір басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі шаруашылықтарды қажетті техника және дизель отынымен толық қамтамасыз етуді, фермерлермен бірлесіп астық жинаудың агротехнологиялық мерзімдерін қатаң бақылауды, сондай-ақ шөп бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін жергілікті жеткізушілермен келіссөздер жүргізуді тапсырды.