Салықты мерзімінде өтеу - маңызды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету және мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары баяндады.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне сәйкес, әрбір салық төлеуші салықтық міндеттемелерін уақытылы және толық көлемде төлеуге міндетті. Егер салық берешегі пайда болса, Салық кодексінің 13 және 14-баптарына сәйкес салық органдары салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға міндетті.
"Салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету шаралары басталмас бұрын, орта және жоғары тәуекел деңгейі бар салық төлеушілерге салық берешегін өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Хабарламаны қалыптастыру және жіберу автоматты түрде БСАЖ жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Одан кейін орта және тәуекел деңгейі бар салық төлеушілерге өсімпұл есептеу, салық төлеушінің банктік операциялары мен кассалық операцияларын тоқтату, мүлікке билік етуді шектеу, кейін мәжбүрлеп өндіріп алу сынды шаралар атқарылады" - дейді Ақтөбе облысы бойынш Мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының бас маманы Айгерім Нұрмедин.
Сонымен қатар, мамандар салықтар мен міндетті төлемдерден жалтару Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 245-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін екенін атап өтті.