Кәсіпкерлерді бизнес нысандарының маңын ретке келтіруге шақырды

Кәсіпкерлерді бизнес нысандарының маңын ретке келтіруге шақырды

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қала мен аудандарда санитарлық тазалау және абаттандыру мәселелері қаралды. Жиын барысында «Таза Қазақстан» акциясының жүзеге асырылу барысы да талқыланды.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет өзінің баяндамасында, 13 қыркүйектен 15 қарашаға дейін республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс орталығында күзгі екі айлық санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл кезеңде көгалдандыру, қоқыс жинау және аумақтарды абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылған.

Сенбілік жұмыстарына мектептер, балабақшалар, ауруханалар, жоғары және арнаулы оқу орындары, тұрғын үй басқару мекемелері мен бизнес құрылымдары белсенді қатысуда. Өткен демалыс күндері халықаралық «Дүниежүзілік тазалық күні» акциясы аясында қала тазалығына ірі кәсіпорындар да атсалысты.

«Күзгі екі айлық басталғалы бері сенбілікке 16 мыңнан астам адам қатысып, 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. 107 саябақ пен сквер, 65-тен астам ескерткіш қоқыстан тазартылды. Екі айлық барысында жиналған барлық қоқыс қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында тегін қабылдануда», – деді Азамат Бекет.

Сондай-ақ, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» платформасына қала тұрғындарынан 168 өтініш келіп түскен. Барлық өтініштер қаралып, тиісті аумақтарда тазалау жұмыстары жүргізілген.

Өз кезегінде, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов облыс бойынша тек 16 қыркүйекте өткен «Таза өлке» акциясының өзінде 230 техника жұмылдырылып, 859 көше мен 141 саябақ тазартылғанын айтты. 619 рұқсатсыз қоқыс тастайтын орын анықталып, сол жерлерден 560 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 91 шағын сәулет нысаны қалпына келтіріліп, су айдындарының жағалауынан 191 шақырым аумақ тазартылған. Көктемде облыс бойынша 55 мыңға жуық ағаш отырғызылса, күзде 113 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

Ол рұқсатсыз қоқыс тастайтын орындарды жоюға ерекше назар аударылып жатқанын, оларды ғарыштық мониторинг арқылы анықтап жатқанын, сонымен қатар тұрғындарды, жастарды, волонтерлер мен кәсіпкерлерді абаттандыру жұмыстарына тарту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты, 18 қазанда ауқымды экологиялық акциялар : жағалау мен демалыс орындарын тазартуға бағытталған «Мөлдір бұлақ» және мектеп оқушыларының күшімен жүзеге асырылатын «Мектеп орманшылығы» атты жасыл аймақты абаттандыру және көгалдандыруға бағытталған жобалар ұйымдастырылады.

Облыс әкімі орман алқаптары мен тұрғындар жиі демалатын жағалауларды тазарту жұмыстарының барысы, сондай-ақ 100 мың ағаш отырғызу мәселесі туралы сұрады. Сонымен бірге, кәсіпкерлерді сенбілікке тарту мәселесіне ерекше назар аударды.

Асхат Шахаров аудандар және қала әкімдеріне сенбіліктерді жүйелі түрде ұйымдастырып, көшелерді, аулаларды, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазарту жұмыстарын күшейтуді, қоқысты уақытылы шығаруды тапсырды.

«Жасыл аймақтарға күтім жасап, ағаш отырғызу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, халықты кеңінен тарту қажет. Тазалау жұмыстарына кәсіпкерлерді, жастарды, еңбек ұжымдарын және қоғамдық бірлестіктерді белсенді түрде тарту маңызды. Бизнес өз нысандарының, дүкендерінің, кеңселерінің маңын таза ұстауы тиіс. Таза, көркейген және жайлы қала – бұл тұрғындардың денсаулығы. Сондықтан біз бірлесе, жүйелі түрде жұмыс істеуіміз қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.