
Қарғалылықтар Көрісу күні – Амал мерекесін кеңінен атап өтті
14 наурыз күні аудан тұрғындары Көрісу күні – Амал мерекесін ерекше қуанышпен қарсы алды. Қазақстанның батысында ежелден тойланып келе жатқан бұл көктемгі мереке табиғаттың жаңаруын, көктемнің келуін және халықтық дәстүр бойынша жаңа жылдың басталуын білдіреді.
Аудандық мәдениет Үйінің алаңында басталған шара, театрландырылған бағдарламаға ұласып мәдениет Үйінің кіре берісінде жалғасын тапты. Мұнда ұлттық салт-дәстүр, ән мен би үндескен «Берекелі бастау» атты көктемнің алғашқы шарасы болды. Мерекеге аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, тұрғындармен амандасып, ізгі тілегін білдірді.
Мәдениет үйінің ауласы ұлттық нақышта безендіріліп, киіз үй тігіліп, қолөнер көрмелері ұсынылды. Ақсақалдар мен әжелер көрісу рәсімін жасап, ақжарма тілектер айтып, бата берді. Келген қонақтар бауырсақтан дәм татты. Көрермендер концерттік бағдарламаны тамашалап, ұлттық дәстүрлермен танысты.
Шарада халықтық ойындар мен спорттық жарыстарға ұласып, арқан тарту, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Осындай мазмұнды шаралар ауданның барлық ауылдарында да өтті. Концерттер, ұлттық ойындар мен көрмелер ұйымдастырылып, мереке тұрғындарды біріктіріп, ел ішінде бірлік пен береке атмосферасын қалыптастырды.