
Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Унербаев пен Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Қарағұловтың Ақжайық, Велихов ауылының тұрғындарымен кездесу өтті.
Кездесу барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстардың нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспарлар жан-жақты баяндалды. Ауылдық округ әкімі ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, жолдарды жөндеу, абаттандыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдау бағытында жүзеге асқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді.
Нұрлыбек Унербаев өз сөзінде тұрғындармен ашық әрі тұрақты диалог құрудың маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – халықтың өтініштеріне дер кезінде құлақ асып, өзекті мәселелерді тиімді шешу екенін жеткізді.
Жиын барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, бірқатар көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Тұрғындардың сауалдарына нақты әрі толық жауаптар беріліп, шешуді қажет ететін мәселелер бақылауға алынды. Сонымен қатар аудан басшысы азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау ұйымдастырылып, әрбір келген тұрғынның өтініші жеке қаралды.
Есеп беру кездесуі конструктивті жағдайда өтіп, жергілікті билік пен халық арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға ықпал етті.