
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов «Ample Solution» компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымы мен цифрлық экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыру тетіктерін талқылады.
Технологиялық компаниялар мен инвестициялық қорларды біріктірген халықаралық консорциум Ақтөбе облысында еліміздің жетекші цифрлық орталықтарының біріне айналатын жоғары технологиялық кластер қалыптастыру мүмкіндігін зерделеуде.
Жобалар аясында цифрлық экономиканы дамытуға арналған, қуаттылығы 150–200 МВт болатын Tier III / Tier IV деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығын (дата-орталық) салу, сондай-ақ нысанды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін бу-газ қондырғысы бар газ электр станциясын іске қосу көзделген.
Қазіргі уақытта облыстың салалық басқармаларымен бірлесіп жобаны жан-жақты пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жер учаскелері қаралып, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуеті мен талшықты-оптикалық байланыс желілерінің қолжетімділігіне талдау жасалуда.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, аталған жобалардың іске асырылуы ірі көлемдегі инвестиция тартуға, озық технологияларды енгізуге және Қазақстанның цифрлық қызметтер саласындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, технологиялар трансферін қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдегі бұлтты есептеулер мен деректерді сақтау нарығын дамытуға серпін бермек.