
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Сансызбай Мукановтың төрағалығымен “Әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасы” санатындағы отбасылармен жұмыс жүргізу мәселелеріне арналған жиын өтті.
Кездесу барысында ауданда аталған санатқа тіркелген отбасылардың жағдайы егжей-тегжейлі қаралды. Әр отбасының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына жеке тоқталып, олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бағытындағы шаралар талқыланды.
Сонымен қатар, жиынға құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің мамандары қатысып, өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады. Білім беру ұйымдары мен әлеуметтік қызметтердің үйлесімді жұмысын арттыру, ата-аналардың жауапкершілігін көтеру және профилактикалық жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Сансызбай Муканов жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, әр отбасының жағдайын ерекше бақылауда ұстауды және тиісті шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.