Зауыт «AqtobeCem» деп аталады. Жаңа өндіріс орны тікелей шетелдік инвестициялар арқылы қаржыландырылуда. Яғни, жоба әлемдегі ең ірі цемент өндірушілердің бірі West China Cement компаниясымен бірлесіп салынып жатыр.
Жаңа цемент зауыты 500-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сонымен қоса, облыс қазынасына 120 млрд теңге қаржы құйылады деп күтілуде.
Өндіріс орны жылына 2 млн тонна цемент шығаруға қауқарлы. Бұл көлем еліміздің батыс өңірлеріндегі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зауытты 2026 жылғы қараша айында іске қосу жоспарланып отыр. Ақтөбе облысының әкімдігі жобаға толық қолдау көрсетіп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде.
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов құрылыс барысымен танысты. Жоба Қазақстанның индустрияландыру саясатына толық сәйкес келеді және Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген шикізатты терең өңдеу, импортты алмастыру міндеттерін қамтиды.
«Бұл жоба – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін бастама. Жаңа зауыттың іске қосылуы Ақтөбенің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, халықты сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді», – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.