Ақтау әкімдігінде жолдарды күтіп ұстау мәселесі талқыланды

Ақтау әкімдігінде жолдарды күтіп ұстау мәселесі талқыланды

Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиында автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары бойынша Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан баяндама жасады.
Бөлім басшысының айтуынша, Ақтау қаласының орталық автомобиль жолының ұзындығы - 209,78 шақырымды құрайды.

-Жауын-шашын кезінде құм-тұз қоспасын себу және қар тазалау жұмыстары ең алдымен қауіпті аймақтарға, яғни ылди (спуск) және өрде (подъем), аялдама және жаяу жургіншілер жолдарында жүргізіледі. Жолдардағы көктайғақтың алдын алу бойынша биыл қысқы мезгілге 200 тонна тұз, 600 тонна құм қарастырылған. Мердігер мекеменің теңгерімінде қазіргі таңда қысқы қар тазалау бойынша 26 арнайы техника, 12 мотопомпа бар. Сонымен қатар, қаланың ауа-райы болжамы тәулік бойы бақылауда. Түнгі мезгілде қар жауып, көктайғақ қатері туындаған жағдайда қалада қар тазалау бойынша арнайы жұмысшы топ және аталған техникалар жұмылдырылады, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов жауапты бөлім мен мердігер компанияға жол жиектерін тез арада тазалауды тапсырды.

-Жауын-шашын кезінде құм-тұз аралас қоспасын шашқаннан кейін жол жиектеріне топырақ жиналып қалады. Сондықтан қаланың негізгі автомобиль жолдарының жиектерін тазалау қажет. Мердігер компания мен жауапты бөлімге аталған жұмыстарды тез арада ұйымдастыруды тапсырамын. Сонымен қатар, бөлім тарапынан ұсынылған қажетті техникаларға тиісті сұраныс берілсін, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.