Ақтауда әуежай жолы қоқыстан тазартылды

Ақтауда әуежай жолы қоқыстан тазартылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақтау қаласында санитарлық-тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Бүгін қаладағы маңызды бағыттардың бірі – әуежай жолы бойында кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. «Ақтау сервис құрылыс» ЖШС-нің коммуналдық қызмет мамандары жол жиегі мен іргелес аумақтарды тұрмыстық қалдықтар мен бей-берекет тасталған қоқыстардан тазартты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аумақтан жалпы көлемі 8 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына мердігер мекеменің 25 қызметкері жұмылдырылып, 2 арнайы техника тартылды.

Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, қаланың басқа да аумақтарын қамтитын болады.

Осы ретте қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға шақырамыз. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі