
Бүгін, 1 сәуірде Ақтау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын тапты. Көктемгі жоспарлы ағаш отырғызу маусымы шеңберінде қаланың 26-шағын ауданы аумағында жасыл желектерді көбейтуге бағытталған кезекті іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған аумақта бойы 2–3,5 метрді құрайтын, өңірдің климаттық жағдайына бейімделген 100-ге жуық ясин (шаған) және клен (үйеңкі) ағаштары отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары бекітілген агротехникалық талаптарға толық сәйкес жүргізіліп, көшеттердің жерсінуін қамтамасыз ету мақсатында минералды және органикалық тыңайтқыштар қолданылды. Сонымен қатар, жас ағаштарды желдің әсерінен қорғау үшін арнайы тіректер орнатылып, бастапқы суару шаралары атқарылды.
- Жоспарлы ағаш отырғызу жұмыстарымыз кезең-кезеңімен 26-шағын ауданда жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл аумаққа бойы биік, сапалы 49 ясин ағашы отырғызылуда, — деді «Green City Aktau» ЖШС шебері Гүлназым Халжанова.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қаланың жасыл қорын ұлғайтуға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға басымдық берілмек.
Айта кету керек, бұған дейін 26-шағын ауданда 50 дана ясин және акация көшеттері отырғызылған. Нәтижесінде, қазіргі таңда бұл аумақта егілген ағаштардың жалпы саны жүзге жуықтады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі