Ақтау қаласында қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Саркенов жаңадан орнатылған аялдамалардың біріне барып, сапасын тексерді.
Бақылау барысында Ерлан Сәркенов жауапты мамандарға аялдамалардың айналасын сапалы абаттандыруды, жарық шамдарын орнатуды және құрылыс сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Исматулла Адайдың айтуынша, бұрынғы аялдамаларда жарық шамдары қарастырылмаған еді. Ал қазіргі жаңадан орнатылған аялдамалар заманауи жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар аялдаманың аумағыга екі қоқыс жәшігі орнатылған.
- Барлық аялдама орнатылды. Кепілдік мерзімі — 2 жыл. Аялдамалардың тазалығын қала жолдарын күтіп ұстайтын мекеме қамтамасыз етеді. Егер вандализм жағдайы тіркелсе, мердігер компания екі жыл ішінде нысанды қалпына келтіреді, — деді Исматулла Адай.
Қазіргі таңда 79 аялдама жаңадан орнатылып, 21-і қайта жаңартылды. Келер жылы тағы 20 жаңа аялдама салу көзделіп отыр.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі