Ақтауда Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты күй кеші өтті

Ақтауда Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты күй кеші өтті

16 қазанда Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Нұрғиса Дәуешовтің шығармашылығына арналған «Тиек» атты күй кеші өтті.

Музыкалық кешке ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Секен Тұрысбеков, ҚР еңбек сіңірген әртісі Роза Айдарбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты, Қырғызстаннан арнайы келген Гүлшан Таалайбекова және Сиғватолла Ешкаев қатысты.

Кеш барысында ұлттық дәстүрлі күй өнері мен заманауи музыкалық туындылар үндестік тауып, көрерменге қазақ музыкасының бай мұрасы мен мазмұндық тереңдігі ұсынылды. Бағдарламада Нұрғиса Дәуешовтің авторлық күйлері мен поэтикалық композициялары орындалды.

Мәдени шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, сондай-ақ өңір зиялылары мен өнер сүйер қауым қатысты.

- Бүгінгі шығармашылық кештің басты мақсаты – көрермен жүрегіне бекзат өнердің шынайы лебін жеткізу. Екі жарым сағат бойы тамашаланған бұл кеш – өнерге деген құрметтің, Нұрғиса Мұратұлына деген шексіз ілтипаттың айғағы. Залда жиналған жұртшылық сіздің өнеріңізге тәнті болды, – деді Тілеген Әбішев.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі