Ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының жылдық есептері талқыланды

Ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының жылдық есептері талқыланды

11-14 тамыз аралығында Зияткерлік меншік құқығы комитеті мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың (бұдан әрі – ҚҰБҰ) басшыларымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында құқық иеленушілерге сыйақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралып жатқан «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында талқыланған түзетулер қаралды. Аталған түзетулердің мақсаты – ҚҰБҰ қызметінің ашықтығын арттыру және авторлардың құқықтарын қамтамасыз ету.

ҚҰБҰ есептеріне сәйкес 2024 жылы 1,7 млрд теңгеден астам (1 738 319 363,0) қаржы жиналған, бұл 2023 жылмен (1 505 346 423,0) салыстырғанда 15,48%-ға көп. 2024 жылы бөлінген қаражат көлемі 1,2 млрд теңгеден (1 232 188 543,0) асып, 2023 жылмен (1 197 608 773,36) салыстырғанда 2,89%-ға артқан.

Құқық иеленушілерге төленген сыйақы 2024 жылы 920 млн теңгеден (923 686 837,0) асып, 2023 жылмен (437 309 354,0) салыстырғанда екі есеге артқан. Сонымен қатар жиналған сыйақы сомасынан төленген үлес 2023 жылғы 29,04%-дан 2024 жылы 53%-ға дейін артқан.

Осылайша, барлық көрсеткіштердің өскені байқалып, құқық иеленушілерге төленген сыйақы мөлшерінің ұлғайғаны анықталды.